ЕҢБЕК НАРЫҒЫНЫҢ СҰРАНЫСЫ ЕСКЕРІЛЕДІ

Бүгін «Nur Otan» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы жанындағы білім мен ғылымды дамыту жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда жоғары және арнаулы орта білім берудің проблемалық мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, барлық жас балалар үшін колледждерде қажетті жұмысшы мамандықтары бойынша тегін оқуға мүмкіндік беру, «Жас маман» жобасы аясында колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңарту қажеттілігі, кәсіпкерлік, экологиялық, мәдени білім беру негіздері бойынша жаңа пәндерді енгізу, жоғары білімнің бәсекеге қабілеттілігі мен сапасы, ЖОО профессор-оқытушылар құрамының әлеуметтік мәртебесін арттыру, жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің тұрақты даму проблемалары туралы мәселелер қаралды.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Владимир Ткаченконың айтуынша, өңірдегі 23 колледждің 19-ы – мемлекеттік, 4-і – жеке меншік. Олар 72 мамандық және 122 біліктілік бойынша маман даярлайды. Бүгінгі күні өңір колледждерінде 10 мыңнан астам студент білім алуда. Бұл – былтырғыдан 100 шақты адамға артық. Соның ішінде 80 пайызы – мемлекеттік тапсырыс бойынша, қалған 20 пайызы – ақылы негізде оқып жүр. 10 мыңнан астам студенттің тек  1121-і ғана мемлекеттік тілде оқиды.

СҰРАНЫСҚА ИЕ МАМАНДЫҚТАР

Владимир Сергеевич маман даярлауға мемлекеттік тапсырыс еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып жасалғанын айтып сендірді. Әсіресе, білім беру, денсаулық сақтау, басқару және құқық, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерлік, қайта өңдеу және құрылыс, қызмет көрсету салаларына қажеттілік көп екен.

Сонымен қатар биыл ландшафтық дизайн, аңшылық тану және аң шаруашылығы мамандықтары ашылып, мемлекеттік тапсырысқа енгізіліпті. Бірақ кеңес мүшелері бұл мамандықтардың болашағы бар екеніне күмән келтірді.

Биылдан бастап колледждер мен жоғары оқу орындарына түсу кезінде: көпбалалы және толық емес, сондай-ақ мүгедек балалары бар отбасылардан шыққан жастар мен I және II топтағы мүгедектер үшін квоталары қосылды.

Сонымен қатар 3 колледжде 6 мамандық бойынша қолданбалы бакалавр мамандары даярлануда. Мұндай топтардың түлектері кейін жоғары оқу орындарында жеделдетілген бағдарлама бойынша оқу мүмкіндігіне ие.

Похожие записи

Комментарии

Instagram

Самые популярные