«Miras» қоғамдық кеңесінің бүгінгі отырысында «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы жариялаған «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттарының маңыздылығы талқыланды. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы облыстық филиалының өкілі, саясаттанушы, облыстық музейдің ғылыми қызметкері Сағындық Салмұрзин «Тәуелсіздік – кез-келген ел үшін ең қастерлі құндылық» және «Бірлік пен келісім – елдігіміздің мызғымас тұғыры» тақырыптарына тереңнен ой толғап, қауымдастық және «Miras»кеңесі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Қолдау тапты
Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледж студенті Екатерина Восипенок «Білім мен еңбек – бақуатты өмірдің кілті» тақырыбына таза қазақ тілінде баяндама жасап, Елбасы жариялаған жеті тұғырды жастар арасында насихаттау бағытында тынбай еңбек етуге дайын екенін жеткізді.
Сонымен қатар кеңестің алдыңғы отырысында қабылданып, жолданған ұсынымдардың орындалу барысы туралы жергілікті мемлекеттік органдар басшыларының есебі тыңдалды.
Отырыс қорытындысы бойынша кеңес мүшелері мен жергілікті атқарушы билік органдарына бірқатар ұсыныстар жасалды. Соның ішінде ақпараттық-түсіндіру топтарын құрып, Елбасы жариялаған «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттарының маңыздылығын түсіндіру жұмыстарын жүргізу, ономастика саласындағы жұмысты жандандыру, бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесіп, әлеуметтік желілерде «Miras» аймақтық қоғамдық кеңесінің беделін арттыру бағытында жұмыс жүргізу туралы ұсыныстар бар.