ПОЛИЦЕЙДІҢ БІР КҮНІ

Қаңғыбастар арасындағы шартпа-шұрт  төбелес, маскүнемдердің бөтен үйдің ауласында ішімдік ішіп, тұрғындарды мазалауы, мас жүргізушінің соты, итіне ие болмаған адамды жауапқа тарту, жол ережесін бұзған куәлгі жоқ жүргізушіге айыппұл салу, темір іздеуші жастармен аз-кем әңгіме, жоғалған адамдарды іздеу – осының бәріне бір күннің ішінде куә болған оқиғалар. Облыстық полиция департаменті жариялаған «Полицейдің бір күні» жобасы аясында  әрдайым алдыңғы шепте жүретін тәртіп сақшылары жұмысының қызық-шыжығын бірге көрейін деп патрульдік полициямен бір күндік кезекшілікті таңдап алған – өзім. Маған бекітілген аға лейтенанттар Әлім Мәліков пен Санат Еменалинді басшысы Қанат Әлімжанов «алтын экипаж» деп атайды екен. Онысы тектен-тек емес: білімі, білігі, асқан жауапкершілігі, жұмыстағы көрсеткіштері үшін осы жұп ең жоғары бағаға ие болған.

«Үш-жеті-сегіз» шақыру белгісіне ие 0477 номерлі автопатруль көлігінің  бірінші шақыртуы көпқабатты үйлердің бірінің ауласындағы төбелес болды. Тұрғылықты жері жоқ адамдар планшетке таласып, сөзге келіп қалған. Ақыры тіл табыса алмаған соң жұдырық жұмсауға көшкен. Мұны көрген тұрғындардың бірі полицияға хабарласқан. Мас бұзақылар патрульдік көлікпен қаңғыбастарды қабылдау қосынына жеткізілді. Көң-қоқыстың арасында жүріп, бойларына күлімсі иіс сіңіп алған міскіндердің ауру-сауы белгісіз. Дегенмен, ауыз-мұрнымызды тұмшалап, бір көлікте қатар отыруға тура келді.

Олардан құтыла салысымен, тағы бір маскүнемдерге қатысты шақырту түсті. Үйдің подъезіне кіріп алған бәзбіреулер әкесінің төрінде отырғандай көңілді кеш ұйымдастырыпты. Біз алып-ұшып жеткенше біреуі ғана қалған екен. Күздің қоңыр салқынында жалаң аяқ, жалаң бас жүрген ер адам шұлық сатып алуға шығып, енді жалаң аяқ қалғаны үшін полицияны кінәлағаны адамның күлкісін келтірді. Бұған дейін 13 рет тәртіп бұзып, жауапкершілікке тартылған жігіт тағы да полицияның тірек қосынына жеткізілді. Бұған дейінгі айыппұлдарының бірі де төленбепті.

Тәртіп бұзушылардың айыппұлды жинап-жинап бір-ақ төлеуі әдетке айналғандай. Зайсан шағын ауданында автопатрульді  өзі тоқтатқан жүргізуші 16 рет жол ережесін бұзып, айыппұлын бір сағат бұрын ғана төлепті. Оның өзінде жүргізуші куәлігінің мерзімі аяқталғанына байланысты. Сол төлемдері деректер базасына әлі түсе қоймағанын айтқан ер адамға облыстық жол полициясына жол сілтенді.

Былғары зауыты шағын ауданында көшеде жүгіріп жүрген Доберман тұқымдас ит адамдарға арсалаңдап, балалардың үстіне секіріп, тұрғындардың тынышын кетігені үшін жануарды да көлікке салып алуға тура келді. Көп ұзамай иесі де табылып, оған қатысты итіне ие болмағаны үшін хаттама толтырылды. Иттің де тағдыры осы күні кешкісін шешілді. Басқа қожайын табылды. Ер адамға оны күшік кезінде ұлы сыйлаған екен. 100 мың теңгенің жануары қажеті жоқ екенін айтқан жігіт ағасы тегін алып кетуімізді өтінді. Оның өтінішін аяқасты ете алмай, әрі итке жанымыз ашып еріктілер мен жануарларды қорғаушылар арқылы басқа қожайын табудың сәті түсті. Айтқандай, иесі тегін берем деген сөзінде тұрмаған екен. Сол үшін волонтерлардың ренішін тыңдауға тура келді.

Ең ұзақ уақыт алғаны – жүргізуші куәлігі жоқ ер адамның жол ережесін өрескел бұзуы.

Ауыздарына ақ ит кіріп, көк ит шыққан ерлі-зайыптылардан балағат пен қарғыстың неше атасын естідік.  Ауыр қылмысы үшін 18 жыл түрмеде отырып  шыққан ер адаммен жарты күніміз өтті. Аты-жөнін атаудан жалтарып, бөгде адамның есімін жамылғысы келген тәртіп бұзушының өтірігі тез-ақ әшкере болды. Кейін жүргізуші куәлігі де жоқ екені анықталды. Мас күйінде көлік жүргізгені үшін 20 тәулікке қамалған оның босап шыққаны күні кеше. Таңдайына татымапты. Көлігін айыппұл тұрағына апарып қойып, өзіне 58 000 теңге айыппұл салынды. Абырой болғанда, наркологиялық орталықтың сараптамасы теріс нәтиже көрсетті. Наркологиялық, дұрысында психикалық денсаулық орталығы маңайында жолыққан адамдардың да бет-бейнесінің сүреңсіздігі сондай, мәңгі есте қаларлықтай екен.

Журналистің бір күні екіншісіне ұқсамайды деп ойлаушы едім. Полицияның әр күні түгіл, әр сағаты тіпті әр қилы екен. Алда не күтіп тұрғаны беймәлім. «Шақыртуға кетіп, кері қайтпауымыз да мүмкін екенін білеміз», — деп қалды жасы 30-ға да толмаған Санат Еменалин. Әсіресе, демалыс күндері «көңілді» өтетінге ұқсайды. Өздерінде демалыс жоқ. Күнде таңғы 7-ден кешкі 7-ге дейін жұмыс. Отбасы, бала-шағаға көңіл бөлуге мұрша жоқ. Ол ол ма, түскі ас ішуге де уақыт болмады. Автопатруль болған соң, бір орында тұруға тағы болмайды, күні бойы өз ауданын шиырлап, қоғамдық тәртіпті қадағалап жүруі керек. Ұшырасатын адамдарының сиқы анау. Ауру жұқтыру қаупі зор. Бағынбаған бұзақылар мен психикалық науқастарға күш қолдануға тура келетін кездер қаншама?! Күйеуі қол жұмсағаны үшін полиция шақыртқанымен, келесі күні оларды кінәлап қанды қарайтатын әйелдер де жетерлік. Пара ұсынып, жоғары жаққа хабарласып қорқытатындар бір төбе. Біреудің тәртіп бұзғаны соқырға таяқ ұстатқандай көрініп тұрса да, сотта дәлелденбесе, патрульдік полицейлердің өздері «таяқ жейтіні» тағы бар. Сөздің қысқасы, патрульдік полицейлердің еңбек өтілінің де бір жылын 1,5, тіпті 2 жыл деп есептесек те артық етпес деген ой келді.

Роза ШӘКЕНОВА.

Похожие записи

Комментарии

Instagram

Самые популярные