Қалайы үшін қайың құрбан

Солтүстік Қазақстан облысында 45 гектар алқаптың қайыңы оталмақ. Бұл – қалайы өндіру үшін туындаған қажеттілік. Орлиногор орман шаруашылығына тиесілі 48,5 гектар жерді ауыл шаруа­шылығына арналмаған, өнеркәсіп, көлік, байланыс, ғарыш қызметі, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік мұқтажына арналған жер санатына ауыстыру туралы қаулы жобасы әзірленді. Ақ қайыңды алқап қалайы кенін игеретін Tin One Mining акционерлік қоғамына жалға берілмек.
Орталық Азиядағы ең ірі «Сы­рымбет» қалайы кен орны Сол­түстік Қазақстан облысына қа­расты Айыртау ауданында орна­ласқан. Бұл орын Кеңес Одағы кезеңінде ашылған. Мұнда шама­мен 153 мың тонна қалайы қоры бар. Кен орнына қазір миллиард­таған инвестиция құйылып жа­тыр. Жобаның жалпы құны кем дегенде 56 миллиард теңгеге ба­ғаланып отыр. Қалайы кен орнын игеру жобасын әзірлеу 1985 жыл­дан басталған болатын. 2019 жыл­дан бері кен орнын игерумен Tin One Mining акционерлік қоғамы айналысады. Бұл кен орны – отандық инвестордың негізгі активі. Еліміздегі жалғыз қалайы кен орнындағы жұмысты жал­ғастыру үшін бүгінде алаң аумағын 48 гектарға ұлғайту қажеттігі туындап отыр.

Кәсіпорынға берілген 48,5 гектар алқаптың 45,7 гектары – орманды жер. 0,75 гектарында ғана ағаш жоқ, ал 2 гектары ың­ғайсыз жер саналады. «Ақ қайың­дар өлкесі» атанған Қызылжар өңірінде қаншама қайыңның та­мырына балта шабылғалы тұрға­нымен, құжатта: «бұл жоба теріс әлеуметтік-экономи­калық және құқықтық салдарға әкеп соқтыр­майды» делінген. Себебі Tin One Mining АҚ ел бюджетіне орман алқап­тарын тартып алудан туын­даған шы­ғынды өтеуге міндет­теліпті. Орман ша­руашылығы өндірісінің шығын кө­лемі – 13,7 миллион теңге. Бұған қоса, ком­пания 4,7 млн теңге сүрек шы­ғынын да өтеуге мәжбүр болады. Үкімет қау­лысына қол қойыл­ғаннан кейін, об­лыстық әкімдік аталған жер телімін минералды шикізатты өндіру және өң­деу үшін берілуін қамтамасыз етуі тиіс.

ТЫҢ ЖОБА


Сөйтіп, орман есебінен қа­лайы кен орнының жері кеңей­тілмек. Жергілікті билік өкілдері­нің пікірінше, бұдан табиғатқа айтарлықтай шығын келмейді. Өйткені облыс тұрғындары жыл сайын 350 мың текше метрге жуық қайыңды пешке жағып, көзін құртады екен.

«Салыстырмалы түрде айтсақ, отал­ғалы отырған алқапта небәрі 3 мың тек­ше метр ғана ағаш бар. Негізгі бөлігі – ақ қайың. Облыста жыл сайын 350 мың текше метр­дей ақ қайың отынға пайдала­ны­лады. Сонымен қатар облыс­та жыл сайын шамамен 1000 гектар орман алқабы ағаш отырғызу есебінен қалпына келтіріледі. Бұл халық үшін кесілген орман ала­ңынан екі есе көп. Tin One Mining АҚ өз кезегінде орман шаруа­шылығы өндірісінің шығындарын өтеп қана қоймай, оталатын ау­мақтан екі есе көп мөлшерде, яғни 97 гектар жерге ағаш отырғызу бойынша міндет­темені өз мой­нына алып отыр. Бұл мін­дет­те­ме­нің тиісінше орындалуын мем­ле­кеттік органдар қадағалайды», – деді Солтүстік Қазақстан об­лыс­тық Кәсіп­керлік және индустрия­лық-иннова­циялық даму басқар­масы басшысының орынбасары Нұрлан Садықов.

Бұл – Орман кодексінде көр­се­тілген міндеттеме. «Ормандарды шабуға рұқсат алған компания өтем ретінде ағаш отырғызуы тиіс. Кімнің мүддесі үшін орман оталса, соның қаражаты есебінен өтемдік ағаш отырғызу жүргізіледі. Тіпті, отынға пайдалану мақсатында ағаш шапқан жеке адамдар да оның орнын екі еселеп толтыруға міндетті. Бірақ бұл есеп оталған ағаш санымен емес, гектармен жүргізіледі. Себебі бір гектарға отырғызылған 7000 түп көшет­тің тек 500-700 шақтысы ғана қа­лады», – деп түсіндірді Манаш Қо­зыбаев атын­дағы Солтүстік Қа­зақстан универс­и­тетінің до­центі Тимур Зверяченко. Қазір Сол­түстік Қазақстан облысында қа­йыңды ормандардың алқабы – 550 мың гектар. Ақ қайыңның «өмі­рінің» ұзақ­тығы – 50 жыл. Ескісінің орнына жаңа көшеттер жылда отырғызылады.

Нұрлан Садықовтың айтуын­ша, Сырымбет ауылынан 15 ша­қырым, ау­дан орталығы – Саумал­көлден 25 ша­қырым қашықтықта орналасқан «Сы­рымбет» кен ор­ны курорттық аймаққа жапсарлас болғанымен, Шалқар-Иман­тау ку­рорттық аймағына кірмейді, сон­дықтан ешқандай қауіп те тудырмайды.

Қалайы кенін игеру жобасына облыс басшылығы көп үміт артып отыр. Оның ашылатыны туралы облыс әкімі осыдан екі жыл бұрын тұрғындармен өткізген есепті кездесуінде айтқан болатын. Бұл жоба өңір экономикасының да­муына тың серпін береді деп жос­парланып отыр.

Нұржан Садықовтың айтуын­ша, тау-кен металлургия комби­натының құры­лысы жобасы қа­лайы өндіруді ғана емес, терең өңдеуді де қамтиды. «Бұл – байыту мен металлургияның бірнеше бө­лінісін қамтитын толық цикл. Мұн­да жылына құрамында қа­лайы бар 2,5 миллион тон­на өнім өн­ді­рілетін болады. Бұл жобаны та­бысты іске асырудың нәти­же­сінде Қа­зақстан әлемдегі ең ірі қалайы өндіру­шілердің ондығына кіру мүмкіндігіне ие болады. Кен ор­нын игеруге жұмсалатын инвес­ти­цияның жалпы көлемі – 130 млрд теңгеден астам. Бұл – об­лы­сы­мыз­дың және жалпы еліміздің эконо­микасына құйылатын жеке инвес­тициялар. Негізінен жергі­лікті тұрғын­дарды тарту есебінен 600 жа­ңа жұмыс орнын құру жос­пар­ланып отыр. Жыл сайынғы жос­парланған салық ауда­рымда­ры – 5 миллиард теңге. Бұл қаржы өңір­дің әлеуметтік-экономикалық да­муына бағытталатын болады. Жоба жү­зе­ге асырыла бастағаннан бері жобаның дамуына тікелей салынған инвестиция­лардың жал­пы көлемі 18 миллиард тең­геден астам, салық аударымда­рының көлемі 500 миллион тең­геден астам бол­ды», – деді Нұржан Садықов.

Роза ШӘКЕН,
Солтүстік Қазақстан облысы
Дереккөзі: https://aikyn.kz/165688/kalayy-ushin-kayyn-kurban

Похожие записи

Комментарии

Instagram

Самые популярные