Источник: 7152.kz
Қасиетті айда «Қызылжар» мешітінің ұйымдастыруымен «Рамазан сыйы» атты қайырымдылық акциясы өтті, деп хабарлайды 7152.kz.
Петропавл қаласының жанашыр азаматтарының ат салысумен, сондай-ақ, облыстағы Мұсылман диаспора өкілдерінің белсенді демеушілігімен 400-ге жуық отбасыға азық-түлік таратылды. Оның ішінде соғыс ардагерлері, жағдайы төмен мүмкіндігі шектеулі мен әлуеметтік аз қамтылған көпбалалы жанұялар бар.
— Әр дорбада қант, макарон, жарма, ұн, май, құрма және өзге де күнделікті қолданатын заттар бар. Қазір Рамазан айында мешіттер жабық, әлемде болып жатқан жағдайға байланысты ауыз ашар жасауға тыйым салынды. Сол себепті кейбір адамдар қаржысын әкеп береді. Біз сол қаражатқа күнделікті қажетті тауарды сатып алып, көмекке мұқтаж азаматтарға таратып береміз, — дейді «Қызылжар» мешітінің наиб-имамы Тойбазар Айтуған.
15 баласы бар ерлі-зайыпты Павел мен Татьяна Кулышевтарға имам Тойбазар Айтуған азық-түлік сыйларын өз қолымен табыстады. Көпбалалы ана маусым айында он алтыншы сәбилері дүниеге келетінін айтты. Балаларын асырау үшін Павел қатарынан бірнеше орында қызмет атқарады. Сонымен бірге азғантай шаруышылығымен де айналысып келеді: бірнеше сиыры, ауласында бақшалары бар екен. Үй шаруасымен айналысуға үйдің ең үлкендері көмектесіп тұрады.
— Қиын жағдайда қол ұшын созғандарыңызға рақмет. Бұл мен үшін тосын сый болды, — дейді Татьяна Кулышева.
Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін мұндай қайырымдылық шаралары мешіт тарапынан ай сайын өткізілуде.
Имам Тойбазар Айтуған ораза айында жасалған қайырымдылықтар басқаларға үлгі және рухани жағынан үлкен сауап болатынын атап өтті.
Зарина Файзулина
Читайте также: Мечеть Кызылжар: Мы не оставим нуждающихся в беде.
Источник: 7152.kz