Источник: 7152.kz
Ішкі істер министрлігі білім және ғылым министрлігімен бірге мектепке алып келуге тыйым салынған заттардың тізімін жасап шықты, деп хабарлайды 7152. kz тілшісі kaz.nur.kz сілтеме жасап.
Бұл туралы әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Баймұқашев онлайн брифингте айтты. Оның сөзінше, тізім осы жылдың басында жасалыпты. Ал оған қатысты бұйрық әділет министрлігіне жіберілген болатын. Осы құжатты тіркеуге алу қажет. Бұйрық осы айда заңды күшіне енеді.
-Ал мектепке әкелуге тыйым салынған заттардың санатына қару-жарақ, пышақ, айырсадақ, кастет және тағы сол сияқты заттар кіреді. Сонымен қатар, жарылғыш құралдарына ұқсайтын затты, аэрозоль бояуын, пиротехникалық зат пен газ баллоншасын білім беру мекемесіне әкелуге тыйым салынған, — деді әкімшілік полиция комитетінің төрағасы.
Одан бөлек, Баймұқашев білім беру ұйымдарының көбі лаңкестік жағынан осал нысандардың қатарына жатқызылғанын да жеткізді. Осыған орай, үкіметтің тиісті қаулысы қабылданды. Онда лаңкестікке қарсы қорғанысты ұйымдастыру бойынша жаңа талаптар бекітіліп отыр. Енді мектептерде бейнебақылау жүйесі, ұжым мен келушілерді құлақтандыру құралдары, дабыл түймешегі, рұқсатпен кіру жүйесі, арнайы күзет міндетті болады. Осы талаптардың барлығы міндетті түрде орындалуы шарт, деді комитет басшысы.
Тағы да оқыңыздар: 1 қыркүйекте елде халық санағы басталады
Источник: 7152.kz