Источник: 7152.kz
Петропавлда 83 жастағы тыл ардагерінің 2 бөлмелі пәтерін әлеуметтік қызметкер сый құжат арқылы өз атына түсіріп алған. Кейін кейуананы қарттар үйіне тапсырған, деп хабарлайды 7152.kz тілшісі.
Людмила Петровна 30 жылға жуық темір жолда вагондарды тексеруші болып жұмыс істеген. Пәтерді де сол ұйым берген екен. Қарт ананың күйеуі мен балалары ерте өмірден кетіп, тыл еңбеккері жападан-жалғыз қалған. Барлық немерелері Ресейде тұрады. Өзі туған жерін қимай оларға барғысы келмеген. Сол себепті 2017-ші жылдан бастап әлеуметтік қызметкердің көмегіне жүгінеді. Бұған дейінгі көмек көрсетіп жүрген маман әжейге де, туыстарына да ұнаған. Алайда 2020 жылдың қараша айында белгісіз себеппен әлеуметтік қызметкер ауысып кеткен. Қарттың немересі Наталья Середа әжесінің қарттар үйіне түскенін сәуірдің 30-ы әлеуметтік желідегі фотосуреттен білген. Өзі Мәскеу қаласында тұрып жатқандықтан бірден Петропавлдағы тәтесіне хабарласып, не болғанын анықтауды өтінеді.
-Әжеміздің қарттар үйіне түскені жайлы құзырлы органнан бізге ешкім хабар берген жоқ. Ол мекеме жекеменшік. Тәтем алып кетуге барған кезде, емдеу мекемесінде жүрмін деп ойлаған. Қолында тек өзінің киімі мен жеке куәлігі ғана бар. Қалған өзге құжаттары жоқ. Наурыз айының аяғында әлеуметтік қызметкер әжеміздің атынан өзіне сенім хат жасатып алған. Осылайша барлық қаражатын карточкасынан шешіп алған. Ал сәуірдің басында өзіне 2 бөлмелі пәтерді сый құжатпен ресімдеген. Және бірнеше күннен соң қарттар үйіне апарып тастаған – дейді немересі Наталья.
Натальяның сөзінше, Людмила Петровна қандай құжаттарға қол қойғанын өзі де нақты білмейді. Қалаға келісімен келіншек бірден жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барған. Басшысы барынша көмектесуге уәде берген. Мұнымен қоса полицияға барып, әлеуметтік қызметкердің үстінен арыз түсірді.
— Мен еш жерде, ешқандай құжатқа қол қойған жоқпын. Бір рет маған қол қой деп қыспаққа алған еді, бірақ ол не қағаз екені есімде жоқ. Олар өздері жазып алған шығар, мен ештеңе жазған жоқпын. Өз үйімді сағындым – деп жылап отыр тыл ардагері Людмила Носик.
Қарттар үйінде әжей 2 аптадай болған. Қалалық әкімдік мамандарының сөзінше қазіргі таңда болған істің мән-жайы анықталуда.
— Қарттар үйіне әлеуметтік қызметкер әжейді немесе атаны апарып, тапсыра алмайды. Біздің білуімізше Людмила Петровна ол жаққа өзім барамын деп құжат толтырған. Қазір біз бұның қаншалықты рас екенін анықтаймыз. Сонымен қатар, құқық қорғау органдары өз кезегінде бұл іс алаяқтық болып табылады ма соны тексереді – деді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибуллин.
Қазіргі таңда полиция қызметкерлері түскен арыз бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Жалпы Петропавлда 500-ге жуық жалғызілікті қарт адам тұрады, оларға 78 әлеуметтік қызметкер қызмет көрсетеді.
Тағы да оқыңыздар: Ауылдасымен жанжалдасып қалған жігіт, үйін өртеп жіберді
Источник: 7152.kz