«Жас келсе – іске». Солтүстік Қазақстан облысында жаңадан сайланған ең жас ауыл әкімдерінің бірі Темірболат Темірхановқа қазақтың аяулы перзенті, ұлы ақын Мағжан Жұмабаев туып-өскен ауылдық округтің тізгіні ұстатылды. Қазақтың бетке ұстар қайраткері туған ауылдың туын жықпай, ел көлемінде мақтан тұтар елді мекенге айналдыру, келімді-кетімді қонаққа ұялмай көрсетуге лайықты ету – ерге сын. Мұнда тіркелген 325 сайлаушының 283-і, яғни 70 пайыздан астамы өз дауысын өзін-өзі ұсынған «Nur Otan» партиясының мүшесі Темірболат Әділұлына берді. Енді жаңа әкімнің алдында сайлаушылардың сенім үдесінен шығып, халыққа қалтқысыз қызмет ету міндеті тұр. Бұл оңай жауапкершілік емес.
Темірболат Әділұлының сөздің емес, істің адамы екені ә дегеннен-ақ аңғарылды. Үнемі ауылдарды аралап, тұрғындардың мұң-зарымен танысып, оларды шешуден қолы бір босамайтын жас әкім бізбен әңгімелесуге әрең дегенде уақыт тапты. AIQYN-ның өзі туралы жазғысы келетінін естігенде ол әлі жас екенін, тәжірибесі жоғын, өзінен әлдеқайда тәжірибелі, сыйлы әкімдер жетерлік екенін алға тартып, таңданысын жасырмады.
Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында дүниеге келіп, 2 жасынан бастап Мағжан Жұмабаев ауданында өсіп-жетілген Темірболат Әділұлы бұл өңірдің жай-жапсарымен жастайынан таныс. Әкеден ерте қалып, анасы жалғыз тәрбиелегендіктен, жұмысқа ерте араласуына тура келген. Әкім болып сайланғанынан бері онша көп уақыт өте қоймаса да, Мағжан елін көркейтуге бел шеше кірісіп кеткен. Мағжан ауылдық округінің құрамына ұлы ақынның әйгілі Сарытомары мен Жастар ауылы кіреді. 400-ден астам тұрғын бар. Сайлауалды науқан барысында ол ауылдықтармен бірнеше рет жүздесіп, барлық өтініш-тілегін тыңдаудан бір жалыққан емес. Әсіресе, жол, су, жарық мәселелері халықтың мұң-мұқтажына айналғалы қай заман. Енді жас әкім әр үйге таза ауызсу енгізіп, барлық көшені жарықтандыру міндетін өз мойнына алып отыр. Сарытомардың көшелерін жарықтандыруға былтыр кірісіп, ақыр-соңын сиырқұйымшақтатып жіберген мердігерлердің аяқтамай кеткен жұмысын да Темірболат Темірханов қолға алды. Жастар ауылына су тарту үшін қажетті құжаттар әзірленіп жатыр. Ауылдықтардың тіршілік нәріне қарық болатын күні алыс емес. Елді мекендерге дейінгі және ауыл ішіндегі жолдарға асфальт төселгенімен, күрделі жөндеуді қажет етеді. Ол үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу міндеті тұр. Өзінің сайлауалды бағдарламасында көрсетілген бұл мәселе алдағы екі жылда өз шешімін табады деп сендірді Темірболат Әділұлы. Өйткені қазақтың ақиық ақынының ауылына апарар жол мінсіз болуы керек екенін, жалпы, киелі мекенді көркейту керегін жақсы түсінеді. Оның айтуынша, Сарытомар ауылы жылдан-жылға дамып, абаттандырылып, гүлденіп келеді. Мағжан Жұмабаевтың алдағы мерейтойына дайындықты жерлестері осы бастан бастап кеткен. Ауылдағы барлық мекеме мен ұжым, қоғамдық жұмысқа тартылғандар әр бейсенбі сайын өз ғимараттарының маңайын жинастырып, көгалдандыру, санитарлық тазарту жұмыстарын атқарады. Ауылдың келбетін жақсартып, әлеуметтік-экономикалық дамуына барша тұрғын атсалысып келеді. Әлемді жайлаған пандемияға байланысты Алаштың ардақтысы туған ауылға соңғы кезде адам аяғы сиресе де, алдағы уақытта мұнда ағылатындардың қатары қайтадан қалыңдайтынына олар сенімді. Сондықтан Сарытомар қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызының ауылы деген атаққа қай жағынан алса да лайықты болуы үшін қолдан келгеннің барлығын жасап тырысып бағуда. Ауыл тұрғындарының пікірінше, бұл іс жас та болса, бас болып отырған Темірболат Темірхановтың қолынан келеді.
«Ауылдық округтердің жаңадан сайланған әкімдерінің ендігі жұмысы билік басындағылармен және жергілікті тұрғындармен қарым-қатынас орната білуіне байланысты. Кез келген әкім шешімін күткен мәселелерге тап болады. Сондықтан бұл ретте жаңа келген адамдарға қарағанда бұған дейін осы жерде тұрып, өз адамы болып есептелетін кірігіп кеткен әкімдерге жеңілірек. Алайда кез келген мәселенің уақытылы әрі сапалы шешілуі әкімнің жеке басының қасиетіне, кәсіби шеберлігіне, іскерлігіне де байланысты. Қай тұрғыдан алсақ та, Темірболат осы талаптардың қайсысына болсын сай, жергілікті жердің адамы, бизнесте де, билікте де жұмыс істеген. Сондықтан оған сенім арттық», – дейді Сарытомар ауылының тұрғыны, ауылдық округтің ақсақалдар алқасының төрағасы Бегалы Жанділдин.
Бұл аймақта халық еңбекқор. Тұрғындардың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысып, не бау-бақша баптап, өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Жұмыссыз адамдар бірен-саран ғана. Дегенмен жаңа әкім кәсіпкерлермен бірлесіп, екі қолға бір күрек іздеген адамдарға жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр. Ол үшін мемлекеттік бағдарламалар арқылы қайта даярлықтан өтіп, оқу курстарына қатысуына жәрдемдеспек.
«Еңбек»
Соңғы кезде бұл округте тұрғын үй құрылысы қарқын ала бастағаны – ауылдың дами түскенінің айғағы. «Еңбек» бағдарламасы бойынша жұмыс күші көп өңірлерден қоныс аударушылар үшін қазір он үй салынып жатыр. Ауылда дәрігерлік қосын, мешіт, кітапхана, мәдениет үйі, екіқабатты мектеп сияқты барлық әлеуметтік-мәдени нысандар тұрғындар игілігі үшін үздіксіз жұмыс істеп тұр. Жаңа әкім өзінің сайлауалды бағдарламасында спорт саласын, саламатты өмір салтын және ауыл тұрғындарының мәдени демалысына жан-жақты қолдау көрсетуге күш салатынын атап көрсеткен болатын. Сондықтан ауыл әкімінің абыройлы жұмыс істеуіне жерлестері де мүдделі. Олар жас әкім құрғақ уәдеге қарық қылмай, нақты ісімен халықтың ризашылығы мен алғысына бөленеді деген сенім артып отыр. Ол үшін Темірболат Әділұлы өзінің мектепте және мемлекеттік қызметте жұмыс істеген кезінде жинақтаған тәжірибесі мен бар күш-жігерін сарп етуге әзір. «Ол үшін тұрғындардың сенімін арқалаған әкім халықтың өтініш-тілегін, шешімін күткен мәселелерді жіті зерделеп, мән-жайдан хабардар болып, шешімін табуы тиіс, әр іске бастамашы болуы керек. Әрі ауыл әкімдерінің жұмысына жаңаша көзқарас қажет. Әкімдерді тікелей сайлау азаматтық қоғамның дамуына, жергілікті жерде демократияның орнығуына тың серпін береді деп ойлаймын. Сондықтан бар білімім мен дағдымды жаңа жұмысқа жұмсауға әзірмін», – дейді Темірболат Темірханов.
Роза ШӘКЕН,
Солтүстік Қазақстан облысы