Солтүстік Қазақстан облысында 45 гектар алқаптың қайыңы оталмақ. Бұл – қалайы өндіру үшін туындаған қажеттілік. Орлиногор орман шаруашылығына тиесілі 48,5 гектар жерді ауыл шаруашылығына арналмаған, өнеркәсіп, көлік, байланыс, ғарыш қызметі, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік мұқтажына арналған жер санатына ауыстыру туралы қаулы жобасы әзірленді. Ақ қайыңды алқап қалайы кенін игеретін Tin One Mining акционерлік қоғамына жалға берілмек.
Орталық Азиядағы ең ірі «Сырымбет» қалайы кен орны Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Айыртау ауданында орналасқан. Бұл орын Кеңес Одағы кезеңінде ашылған. Мұнда шамамен 153 мың тонна қалайы қоры бар. Кен орнына қазір миллиардтаған инвестиция құйылып жатыр. Жобаның жалпы құны кем дегенде 56 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Қалайы кен орнын игеру жобасын әзірлеу 1985 жылдан басталған болатын. 2019 жылдан бері кен орнын игерумен Tin One Mining акционерлік қоғамы айналысады. Бұл кен орны – отандық инвестордың негізгі активі. Еліміздегі жалғыз қалайы кен орнындағы жұмысты жалғастыру үшін бүгінде алаң аумағын 48 гектарға ұлғайту қажеттігі туындап отыр.
Кәсіпорынға берілген 48,5 гектар алқаптың 45,7 гектары – орманды жер. 0,75 гектарында ғана ағаш жоқ, ал 2 гектары ыңғайсыз жер саналады. «Ақ қайыңдар өлкесі» атанған Қызылжар өңірінде қаншама қайыңның тамырына балта шабылғалы тұрғанымен, құжатта: «бұл жоба теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды» делінген. Себебі Tin One Mining АҚ ел бюджетіне орман алқаптарын тартып алудан туындаған шығынды өтеуге міндеттеліпті. Орман шаруашылығы өндірісінің шығын көлемі – 13,7 миллион теңге. Бұған қоса, компания 4,7 млн теңге сүрек шығынын да өтеуге мәжбүр болады. Үкімет қаулысына қол қойылғаннан кейін, облыстық әкімдік аталған жер телімін минералды шикізатты өндіру және өңдеу үшін берілуін қамтамасыз етуі тиіс.
ТЫҢ ЖОБА
Сөйтіп, орман есебінен қалайы кен орнының жері кеңейтілмек. Жергілікті билік өкілдерінің пікірінше, бұдан табиғатқа айтарлықтай шығын келмейді. Өйткені облыс тұрғындары жыл сайын 350 мың текше метрге жуық қайыңды пешке жағып, көзін құртады екен.
«Салыстырмалы түрде айтсақ, оталғалы отырған алқапта небәрі 3 мың текше метр ғана ағаш бар. Негізгі бөлігі – ақ қайың. Облыста жыл сайын 350 мың текше метрдей ақ қайың отынға пайдаланылады. Сонымен қатар облыста жыл сайын шамамен 1000 гектар орман алқабы ағаш отырғызу есебінен қалпына келтіріледі. Бұл халық үшін кесілген орман алаңынан екі есе көп. Tin One Mining АҚ өз кезегінде орман шаруашылығы өндірісінің шығындарын өтеп қана қоймай, оталатын аумақтан екі есе көп мөлшерде, яғни 97 гектар жерге ағаш отырғызу бойынша міндеттемені өз мойнына алып отыр. Бұл міндеттеменің тиісінше орындалуын мемлекеттік органдар қадағалайды», – деді Солтүстік Қазақстан облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Садықов.
Бұл – Орман кодексінде көрсетілген міндеттеме. «Ормандарды шабуға рұқсат алған компания өтем ретінде ағаш отырғызуы тиіс. Кімнің мүддесі үшін орман оталса, соның қаражаты есебінен өтемдік ағаш отырғызу жүргізіледі. Тіпті, отынға пайдалану мақсатында ағаш шапқан жеке адамдар да оның орнын екі еселеп толтыруға міндетті. Бірақ бұл есеп оталған ағаш санымен емес, гектармен жүргізіледі. Себебі бір гектарға отырғызылған 7000 түп көшеттің тек 500-700 шақтысы ғана қалады», – деп түсіндірді Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің доценті Тимур Зверяченко. Қазір Солтүстік Қазақстан облысында қайыңды ормандардың алқабы – 550 мың гектар. Ақ қайыңның «өмірінің» ұзақтығы – 50 жыл. Ескісінің орнына жаңа көшеттер жылда отырғызылады.
Нұрлан Садықовтың айтуынша, Сырымбет ауылынан 15 шақырым, аудан орталығы – Саумалкөлден 25 шақырым қашықтықта орналасқан «Сырымбет» кен орны курорттық аймаққа жапсарлас болғанымен, Шалқар-Имантау курорттық аймағына кірмейді, сондықтан ешқандай қауіп те тудырмайды.
Қалайы кенін игеру жобасына облыс басшылығы көп үміт артып отыр. Оның ашылатыны туралы облыс әкімі осыдан екі жыл бұрын тұрғындармен өткізген есепті кездесуінде айтқан болатын. Бұл жоба өңір экономикасының дамуына тың серпін береді деп жоспарланып отыр.
Нұржан Садықовтың айтуынша, тау-кен металлургия комбинатының құрылысы жобасы қалайы өндіруді ғана емес, терең өңдеуді де қамтиды. «Бұл – байыту мен металлургияның бірнеше бөлінісін қамтитын толық цикл. Мұнда жылына құрамында қалайы бар 2,5 миллион тонна өнім өндірілетін болады. Бұл жобаны табысты іске асырудың нәтижесінде Қазақстан әлемдегі ең ірі қалайы өндірушілердің ондығына кіру мүмкіндігіне ие болады. Кен орнын игеруге жұмсалатын инвестицияның жалпы көлемі – 130 млрд теңгеден астам. Бұл – облысымыздың және жалпы еліміздің экономикасына құйылатын жеке инвестициялар. Негізінен жергілікті тұрғындарды тарту есебінен 600 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Жыл сайынғы жоспарланған салық аударымдары – 5 миллиард теңге. Бұл қаржы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталатын болады. Жоба жүзеге асырыла бастағаннан бері жобаның дамуына тікелей салынған инвестициялардың жалпы көлемі 18 миллиард теңгеден астам, салық аударымдарының көлемі 500 миллион теңгеден астам болды», – деді Нұржан Садықов.
Роза ШӘКЕН,
Солтүстік Қазақстан облысы
Дереккөзі: https://aikyn.kz/165688/kalayy-ushin-kayyn-kurban