Солтүстік Қазақстан облысында жастар саны жылдан-жылға азайып барады. Мектеп бітірген түлектердің көбі еліміздің өзге өңірлерінің немесе көршілес Ресейдің оқу орындарын таңдайды. Қолына диплом алып, белгілі бір мамандық иесі атанғандар да басқа жақта жұмыс істегенді қалайды. Неліктен?
Биыл оқуын бітірген Кирилл жоғары білім алу үшін ойланбастан Мәскеуге бір-ақ тартты. Өзінің анасы Петропавл қаласындағы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде оқытушы болып жұмыс істейтініне қарамастан, жас түлектің таңдауы ресейлік оқу орнына түсті. Анасының айтуынша, екі білім ордасындағы оқу ақысының айырмашылығы жоқ, тіпті Мәскеудікі арзанырақ екен.
Биыл Солтүстік Қазақстан университеті оқу ақысын қымбаттатқаны белгілі. Сөйтіп, осы оқу жылында төлемақы көлемі мамандыққа қарай 445 мыңнан 700 мың теңгеге дейінгі аралықта. Мұны білім ордасының ректоры Ерлан Шуланов оқытушылардың жалақысын арттыру қажеттілігімен түсіндірген болатын.
Оқу ақысының қымбаттығы өз алдына, университетте студенттерге бәлендей жағдай жасалмағаны да жастардың қыр асуына себеп. Мәселен, қазір бұл оқу орнында 7 500 студент білім алып жүрсе, жатақханаларындағы орын саны 1 114 қана. Ректордың айтуынша, Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде бір де бір жатақхана салынбағандықтан, орын тапшылығы баяғыдан бар.
Бұл – түлектердің осы оқу орнына аса қызықпайтынының бір ғана себебі. «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанатының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасы Біржан Құдайбергеновтің айтуынша, жастарға жағдай жасалмаған. «Өңірімізде бір ғана университет болғандықтан, бәсекелестік те, балама да жоқ. Ондағылар: «Міне, біздегі жағдай осындай, оқысаң оқы, оқымасаң қой» дегендей сыңай танытады. Сондықтан жастардың көбі мегаполистерді таңдайды. Екіншіден, өңірдің ұлттық құрамының ерекшеліктеріне орай өзге ұлт өкілдері Ресейге кеткенді жөн көреді. Дегенмен олардың арасында өзіміздің қаракөз жастарымыз да бар екенін айта кету керек. Өйткені Ресейдің оқу орындары түлектерді онлайн қабылдайды. Әрі ол жақта грант бойынша оқитын балалар тегін жатақханамен қамтамасыз етіледі», – дейді Біржан Құдайбергенов.
СТАТИСТИКА СӨЙЛЕГЕНДЕ…
Облыстық Статистика департаментінің мәліметінше, осы жылдың бірінші жартыжылдығында өңірден 4 200-ден астам жас көшіп кеткен. 2017 жылы облыста 107 500-дей жас болса, қазір олардың саны – 98 910 ғана. Бұл – халық санының 18 пайызы. Басқа өңірлерде – 30 пайызға дейін. Бес жылдың ішінде солтүстіктегі жастар саны 8 500-ден астам адамға азайған. Кейінгі кезде пандемияның әсері болса керек, 2019-2020 жылдары сәйкесінше 21 000 және 29 000 жас басқа жаққа ағылса, биыл кеткендердің саны 4 000-нан сәл ғана асады. Соның өзінде кеткендер саны, келгендерден әлдеқайда көп. «Серпін» бағдарламасы бойынша оңтүстіктен келіп оқыған жастардың өзі Қызылжар өңіріне тұрақтамады. Былтыр «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» бағдарламасы бойынша оқуын тәмамдаған 200-ден астам студенттің 77-сі ғана Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс істеуге қалыпты.
Жастар ресурстық орталығының директоры Әлфараби Мыңбайдың айтуынша, осыдан екі жыл бұрын Петропавлда 42 мыңдай жас бар болса, биыл 38 мыңнан сәл ғана асады. «Оның барлығы осында жүр ме, жоқ па – ешкім де нақты айта алмайды. Кейбіреулерінің тұрғылықты жері Петропавл деп тіркелгенмен, өздері басқа қалада жүруі мүмкін», – дейді Әлфараби Мыңбай. Ол өңірден жастардың басқа жаққа ағылуын баспана мәселесімен байланыстырды.
ПЕТРОПАВЛДА БАСПАНА ҚЫМБАТ
Жалпы, Петропавлда баспана бағасы шарықтап тұр. Пәтер бағасы бойынша Петропавл Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан соң үшінші орында. Оқуын жаңа бітіріп, 70 мың теңге жалақыға жұмысқа орналасқан жастар пәтер сатып ала алмайды. Жалдап тұруға да қалталары көтермейді.
«Жас маманның бастапқы жарна жинап, пәтер сатып алуға мүмкіндігі жоқ. Бір бөлмелі пәтерді жалдау ақысы – кем дегенде 80 мың теңге. Екі жерде жұмыс істеп, 100 мың теңге жалақы алса да, азық-түлікке, басқа да керек-жарағына ақша жетпейді. Сондықтан жастар басқа жаққа кетеді. Кетіп жатқандардың көбі – қолында дипломы бар және отбасын құрған замандастарымыз. Бала-шағасын асырау керек. Көршілес Ресейде жастар кемінде 50 000 рубль жалақы алады. Оны біздің ақшаға шаққанда 300 000 теңгедей. Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында жұмыс істейтін жастар шамамен 200 000 теңгедей жалақы алады. Оған қоса кешкісін курьерлікпен не болмаса басқа да шаруамен айналысады. Тіпті, өз кәсібін ашуға да мүмкіндік көбірек. Петропавлда мүмкіндік шектеулі», – дейді Әлфараби Мыңбай.
Сондықтан жастардың солтүстіктен басқа жаққа ағылуын тоқтату үшін, ең алдымен, баспана мәселесін шешу керек. Ол үшін «Отбасы банк» филиалы оларға бастапқы жарнасыз пәтер сатып алуға мүмкіндік беретін «Қызылжар жастары» бағдарламасын іске қоспақшы. «Отбасы банк» облыстық филиалы директорының орынбасары Райхан Әбдірахманованың айтуынша, бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін банк филиалы Үкіметтен 1 млрд теңге көлемінде субсидия сұрап отырған көрінеді. «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанатының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы бүгінде тым болмаса 100-200 млн теңге субсидиямен жобаны жүзеге асыруға кірісе беруді ұсынып отыр.
ЕҢБЕКАҚЫ АЗ
Біржан Құдайбергенов те, Әлфараби Мыңбай да Қызылжар өңірінде жастарды ұстап қалу үшін олардың еңбекақысын көбейту керек деп есептейді. Біржан Бақытжанұлының айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысында жастарға және жалпы жұмысшыларына жағдай жасап отырған кәсіпорындар саусақпен санарлық, тіпті бірлі-жарым . «Жуырда ашылған электротехникалық зауыт өз жұмысшыларын баспанамен және ыстық тамақпен қамтамасыз етеді. Осы зауытта 5 жыл жұмыс істеген адам кейін пәтерін өзіндік құнына өсімақысыз, пайызсыз сатып алуға құқылы. Ол үшін ай сайын еңбекақысының бір бөлігі ұсталады. Қарапайым жұмысшының, тіпті жаңа келген жастардың да жалақысы 200-250 мың теңге көлемінде. Меніңше, осындай кәсіпорындардың тәжірибесін насихаттап, басшыларын ынталандыру қажет», – дейді Біржан Құдайбергенов.
Сонымен қатар Әлфараби Хусанұлының айтуынша, солтүстікте жастардың дамуына, бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалмаған. «Жастардың шет тілін үйренуге, өзін-өзі дамытуына, қосымша кәсіп меңгеруіне арналған ғимарат та жоқ, үйрететін маман да жоқ. Мұндай курстарға қаржы бөлінуі тиіс. Нарық заманында ешкім де тегін жұмыс істегісі келмейді. Сөздің шыны керек, айналысатын шаруа болмаған соң, жастардың көбі бос уақытын ішімдік ішіп, зая кетіреді», – дейді Әлфараби Мыңбай.
Қызылжар өңірінде бүгінде қалыптасқан жағдай осындай. «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?» дегендей, жастарға қолайлы жағдай жасалмайынша, олардың басқа жаққа ағылуы тыйыла қояр ма екен?
Роза ШӘКЕН,
Солтүстік Қазақстан облысы
Дереккөзі: https://aikyn.kz/163872/zhastar-soltustikte-nege-turaktamaydy